
ЦИФРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА ТӘЖІРИБЕСІ

























Л.Н. Гумилев атындағы Ұлттық университетінің Білім жоғары мектебі, Педагогика кафедрасында 6В01201 – «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту» білім беру бағдарламасының 4 курс студенттерінің «Өндірістік-педагогикалық» іс-тәжірибесінің қорытынды конференциясы «Цифрлық білім беру жағдайындағы педагогикалық практика тәжірибесі» тақырыбында Microsoft Teams платформасы арқылы онлайн форматта өтті. Бұл кездесу студенттердің бірнеше ай бойы жинақтаған тәжірибесін саралап, педагогикалық ізденістерін ортаға салған маңызды ғылыми-тәжірибелік алаңға айналды.
Қазіргі білім беру кеңістігінде цифрлық технологиялар педагог қызметінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Сондықтан конференцияның негізгі мақсаты – өндірістік-педагогикалық практика нәтижелерін талдау, студенттердің кәсіби жетістіктерін көрсету және тәжірибе алмасу болды. Іс-шараға педагогикалық практика жетекшісі мен студенттер қатысып, мектепке дейінгі білім беру саласындағы өздерінің алғашқы кәсіби қадамдары туралы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Өндірістік-педагогикалық практика – болашақ маманның кәсіби қалыптасуындағы аса маңызды кезеңдердің бірі. Дәл осы уақытта студенттер аудиторияда алған теориялық білімдерін өмірмен ұштастырып, педагогикалық шеберліктің алғашқы баспалдақтарынан өтеді. Балалармен тікелей жұмыс барысында олар оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың түрлі тәсілдерін меңгеріп, педагог мамандығының жауапкершілігін терең сезінді. Конференция барысында студенттер өз тәжірибелерімен бөлісіп, өткізген сабақтары, қолданған инновациялық әдістері мен балалармен жүргізген қызықты жұмыстарын баяндады.
Педагогикалық практика №5 «Ақбота», №7 «Аққу», «Алтын ұрпақ», «Spectrum International Kindergarten», «Abadan» балабақшаларында өтті. Бұл білім беру ұйымдары студенттер үшін тәжірибе мектебіне айналып, мектепке дейінгі білім беру жүйесінің нақты жұмысымен танысуға мүмкіндік берді. Болашақ педагогтер балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқу іс-әрекеттерін ұйымдастырып, ойын арқылы оқыту, шығармашылық тапсырмалар мен интерактивті әдістерді кеңінен қолданды.
Конференцияда ұсынылған баяндамаларда мектепке дейінгі ұйымдардағы оқу-тәрбие процесінің мазмұны мен әдістемелік ерекшеліктері кеңінен талқыланды. Студенттер балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері, ойын технологияларын қолдану тәжірибесі, шығармашылық және интерактивті әдістердің тиімділігі, сондай-ақ цифрлық білім беру құралдарының мүмкіндіктері туралы мазмұнды ойлар айтты. Бұл тәжірибелер студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, педагогикалық қызметке бейімделуіне де үлкен ықпал етті.
Практика барысында кездескен кейбір қиындықтар да назардан тыс қалмады. Балалардың жеке ерекшеліктеріне бейімделу, сабақ жоспарын тиімді құру, педагогикалық әдістерді дұрыс таңдау сияқты мәселелер талқыланып, оларды шешудің жолдары ұсынылды. Тәжірибелі педагогтардың кеңесі мен қолдауы студенттерге бұл қиындықтарды еңсеруге көмектесіп, олардың кәсіби тәжірибесін байыта түсті.
Интерактивті бөлімде практика жетекшісі студенттерге бірқатар проблемалық сұрақтар қойып, ашық пікір алмасу ұйымдастырды. Студенттер практика барысында ең тиімді болған әдістер туралы, балалармен жұмыс істеуде ерекше әсер қалдырған тәжірибелер жайында, болашақ педагог ретінде дамытқан дағдылары мен қолданған инновациялық технологиялар туралы ой бөлісті. Әсіресе цифрлық білім беру құралдарын және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану мәселесі кеңінен талқыланды. Сонымен қатар диплом алдындағы зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелері де ортаға салынып, ғылыми-тәжірибелік пікір алмасу жүргізілді.
Практиканың басты ерекшелігі - цифрлық білім беру ортасында жасанды интеллект технологияларын педагогикалық тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін қарастыру болды. Практика барысында студенттер цифрлық құралдарды пайдаланып, балалардың танымдық белсенділігін арттыруға, шығармашылық ойлауын дамытуға және зерттеушілік қабілеттерін қалыптастыруға бағытталған жаңа әдістерді меңгерді. Жасанды интеллект негізіндегі интерактивті платформалар, білім беру қосымшалары мен цифрлық ойындар оқу үдерісін жандандырып, әр баланың жеке ерекшелігін ескеруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар студенттер ЖИ көмегімен оқу материалдарын көрнекі түрде ұсыну, тапсырмаларды саралау, балалардың жетістіктерін талдау және тиімді кері байланыс ұйымдастыру жолдарын тәжірибеде қолданды. Осылайша цифрлық білім беру жағдайындағы педагогикалық практика болашақ педагогтердің инновациялық ойлауын қалыптастырып, олардың кәсіби құзыреттілігін жаңа деңгейге көтерді. Жасанды интеллект технологияларын орынды қолдану мектепке дейінгі балалардың оқу-ойын әрекетіне қызығушылығын арттырып, білім беру мазмұнын заман талабына сай жаңғыртуға жол ашатыны анық байқалды.
Конференция барысында қатысушылар өз пікірлерін онлайн чат арқылы немесе ашық микрофон көмегімен білдіріп, еркін диалог орнатты. Ең бастысы, бұл педагогикалық практика студенттерге теориялық білімдерін нақты тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді. Цифрлық білім беру ортасында жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы студенттер оқу іс-әрекетін жоспарлауды, балалардың қызығушылығын арттыратын цифрлық ойындар мен интерактивті тапсырмалар құрастыруды және шығармашылық дамуға бағытталған заманауи әдістерді қолдануды үйренді.
Конференция соңында практика жетекшісі студенттердің жұмыстарын талдап, олардың педагогикалық шеберлігіне, сабақ өткізу сапасына және шығармашылық ізденістеріне жоғары баға берді. Үздік баяндамалар мен тың идеялар ерекше аталып, студенттердің кәсіби жолындағы алғашқы табыстары жылы лебізбен қорытындыланды. Бұл кездесу болашақ педагогтердің жаңа білімге, жаңа ізденіске ұмтылған кәсіби қауымдастық ретінде қалыптасуына серпін берген мазмұнды әрі әсерлі шара болды.
4 курс студенті Құралай Нұрбодатқызы
