
«Жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу жолдары» атты халықаралық жазғы мектеп өз жұмысын аяқтады

2026 жылғы 8–19 маусым аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Білім жоғары мектебінің, Педагогика кафедрасы «Жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу жолдары» тақырыбында халықаралық жазғы мектеп ұйымдастырды. Іс-шара онлайн форматта өткізіліп, Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шетелден келген педагогтерді біріктірді.
Жазғы мектептің мақсаты – білім беру ортасында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бойынша педагогтердің теориялық білімдерін жетілдіру, практикалық дағдыларын дамыту және халықаралық тәжірибелермен таныстыру болды.
Бағдарлама аясында буллинг пен кибербуллингтің пайда болу себептері, қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру, балалармен, ата-аналармен және педагогтермен жүргізілетін профилактикалық жұмыстар, мектепішілік және мектептен тыс іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ әлемдік тәжірибелерді пайдалану мәселелері қарастырылды.
Жазғы мектепке Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шетелден келген мектеп педагогтері, колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары мен басшылары қатысты. Қатысушылар қатарында жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері, педагог-психологтар, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы және ғылыми қызметкерлер болды.
Курс барысында қатысушылар өз өңірлеріндегі тәжірибелерімен бөлісіп, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бойынша бірқатар ұсыныстар білдірді. Атап айтқанда, мектептерде ата-аналардың қатысуымен тұрақты профилактикалық кездесулер өткізу, педагог-психологтардың қызметін күшейту, оқушылардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ ата-аналарға арналған арнайы семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру қажеттілігі атап өтілді.
Қатысушылар курс бағдарламасының мазмұндылығы мен практикалық маңыздылығын жоғары бағалап, буллингтің алдын алу бағытындағы осындай халықаралық деңгейдегі білім беру алаңдарын тұрақты түрде өткізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта курстарға ата-аналар қауымдастығын кеңінен тартып, отбасы мен мектептің өзара әрекеттестігін күшейтуге бағытталған арнайы бағдарламаларды енгізу жөнінде ұсыныстар жасалды.
Жазғы мектеп қорытындысы бойынша тыңдаушыларға 80 академиялық сағат көлеміндегі біліктілікті арттыру курсын аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділігі мен қызығушылықтары үшін алғыс білдіріп, білім беру ұйымдарында қауіпсіз, қолайлы және қолдаушы орта қалыптастыру жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.
