
ЕҰУ студенті Жақия Асылым – спорттық атудан әлем чемпионы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Педагогика жоғары мектебінің 2-курс студенті Жақия Асылым — Қазақстан Республикасының спортшысы, нысана көздеуден ұлттық құрама мүшесі.
2026 жылы Германияның Зуль қаласында өткен ISSF жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Асылым жоғары нәтиже көрсетіп, қыздар арасындағы «25 метр стандартты тапанша» жаттығуында 554 ұпай жинап, жеке есепте алтын медальді жеңіп алды. Астана қаласының өкілі Жақия Асылым әлем чемпионы атанды.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 16–26 маусым аралығында Германияның Зуль қаласында спорттық атудан әлем чемпионаты өтуде. Беделді халықаралық жарысқа әлемнің 63 елінен 778 спортшы қатысуда.
Қазақстанның намысын елдің ең үздік 26 мергені қорғауда: олардың 13-і стендтік атудан, ал 13-і нысана көздеуден сынға түсуде.
Әлем чемпионатының медальдары жеке және командалық жарыстар бойынша сарапқа салынуда.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 2 алтын және 2 күміс медальмен жалпыкомандалық есепте 6-орында келеді.
Бұл жеңіс Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына түскен ең маңызды алтын жүлделердің бірі болды. Жақия Асылым халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып, Қазақстанның мерейін үстем етті.
