
ЕҰУ-да инклюзивті білім беру жағдайындағы Action Research зерттеулеріне арналған ғылыми семинар өтті

2026 жылғы 19 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Білім жоғары мектебінің «Жаратылыстану білімі және педагогикалық инновациялар» кафедрасында ғылыми семинар өтті. Семинарда «8D01510 – Физика педагогтерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша қысқы қабылдаумен түскен 2-курс докторанты Гулмира Рахматқызы Пармонова халықаралық рецензияланатын журналда жарияланған ғылыми мақаласының нәтижелерін таныстырды.
Семинарға кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы мен докторанттар қатысты.
«Инклюзивті білім беру ортасында болашақ физика мұғалімдерінің Action Research жүргізуге дайындығын бағалау» (Assessing the readiness of future physics teachers for action research in inclusive education environments) атты мақала 2026 жылғы 23 маусымда Scopus базасының Q1 квартиліне енетін Frontiers in Education журналында жарияланды. Мақаланың авторлары – Г.Р. Пармонова және оның ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Ж.К. Ермекова. Мақала докторанттың «Инклюзивті білім беру жағдайында Action Research зерттеулерін жүргізуге болашақ физика мұғалімдерінің дайындығын қалыптастыру» тақырыбындағы диссертациялық зерттеуі аясында дайындалған.
Инклюзивті сыныпта физика мұғалімі оқытуды оқушылардың әртүрлі қажеттіліктеріне бейімдеп, оның тиімділігін үнемі бағалап отыруы тиіс. Мұны жүйелі түрде жүзеге асыруға Action Research (әрекеттегі зерттеу) мүмкіндік береді. Бұл мәселе физика пәнінде аса өзекті: абстрактілі ұғымдар мен зертханалық жұмыс ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін қосымша кедергілер туғызады. Алайда жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімдердің зерттеушілік даярлығы көбіне теориялық сипатта қалып отыр, ал оны бағалау мен дамыту жолдары толық анықталмаған.
Осы олқылықты толтыру мақсатында авторлар 2020–2025 жылдары жарияланған 18 ғылыми зерттеуге сапалық шолу жасады. Нәтижесінде Action Research жүргізуге дайындық әдіснамалық, зерттеушілік және инклюзивті құрамдас бөліктерді қамтитын көпөлшемді кәсіби құзыреттілік ретінде анықталды. Қолданыстағы бағалау құралдары бұл құзыреттілікті толық қамти алмайтындықтан, авторлар қазақстандық контекстке бейімделген бағалау индикаторлары мен үш кластерлі даярлау моделін ұсынды.
Баяндама кафедра оқытушылары мен докторанттар тарапынан қызығушылық тудырып, зерттеу нәтижелерінің теориялық және практикалық маңыздылығы туралы пікір алмасуға арқау болды. Зерттеу диссертациялық жұмыс аясында әрі қарай жалғасады.
Мақалаға сілтеме: Parmonova G., Yermekova Z. (2026). Assessing the readiness of future physics teachers for action research in inclusive education environments. Frontiers in Education, 11, 1832102. https://doi.org/10.3389/feduc.2026.1832102
